«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілдің мән-маңызын терең түсінгенімізбен тосыннан пайда болатын түрлі дерттердің тыным таптырмайтыны тағы бар. Мұндайда медициналық ұйымдардың мамандары мүмкіндігінше көмек көрсетіп, аурудан айығып кету жолында аянып қалмайды. Міне, сондай денсаулық сақтау мекемесінің бірі – Шу қалалық ауруханасы.
Аурухана тарихы сонау 1929 жылдан бастау алады. Шу стансасында шағын қалалық аурухана болып ашылған мекемеде бастапқыда хирургия және терапия бөлімшелері ғана болған. Жылдар өте Шу стансасы тоғыз жолдың торабындағы үлкен құрылымға айналып, қала тұрғындарының саны ұлғайғанда аурухана қызметінің ауқымын арттыру қажеттілігі туындады.
Осылайша 1976 жылы қалалық медициналық ұйымдар бірлестіктерге топтастырылады. Бірлестік қаланың 2 жерінде орналасқан. Косқұдық бөлімшесінде 70 төсектік қалалық аурухана мен емхана жұмыс жасаған. Құрамында ішкі аурулар, балаларға және жұқпалы ауруы бар науқастарға арналған бөлімшелер болған. Сондай-ақ Қант зауытының емханасы және ауруханасы іске қосылған. Оның құрамында хирургия, перзентхана бөлімшелері барлық тұрғындарға медициналық көмек көрсеткен.
1979-2023 жылдар аралығында аурухана бірнеше реформаны бастан өткерді. Сәйкесінше 5 жыл орталық аудандық аурухана ретінде, 2 жыл аумақтық медициналық орталық, 3 жыл аудандық медициналық бірлестік болып қызмет жасаған. Өткен жылдан бастап аталған аурухананы Дәулет Ахметбеков басқарып келеді. Дәулет Хамитұлы Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылының тумасы. 2006 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясын «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша аяқтаған. 2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясынан алған «Экономика» біліктілігі де жұмыс барысында оң септігін тигізуде.
2002 жылдан бері аурухана 225 төсекке негізделіп қызмет көрсетуде. 2009 жылдан бері кәсіпорын шаруашылық жүргізу құқығында. Ауруханада 2011 жылдан бері ауданаралық 40 төсектік жарақат және ортопедия бөлімшесі жұмыс атқаруда. Сүйек сынықтарына және ми жарақаттарына күрделі оталар жасалады. Бұдан бөлек жамбас буындарына эндопротездеу оталары енгізілген.
2006 жылдан бері «KARL STORZ» лапароскопиялық кешенінде хирургиялық оталар жасалуда. 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Siemens» компаниясының 64 кесінді компьютерлік томограф құрылғысы алынып, іске қосылды. Сол жылдың қараша айынан бастап аймақтық инсульт орталығы ашылып, Шу және Мойынқұм ауданының тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуде.
Сонымен қатар осы ашылған ауданаралық бөлімшелер қызметтері арқылы ауыр инсультке, жарақатқа шалдыққан науқастар сапалы және жоғары деңгейдегі медициналық көмекті жақын жерден, уақытылы алып отыр. Бұрын осы диагноздармен науқастар 265 шақырым қашықтықтағы облыс орталығына барып жүгінетін.
Жедел медициналық көмек науқастарға 1 сағат аралығында көрсетіледі. Яғни ауруханамызда «Алтын сағат» қағидасы сақталған.
Жыл сайын ауруханада 900-ден астам науқас емделіп, сауығып шығады. Шамамен 1 500 адамға әртүрлі оталар жасалады. Сондай-ақ 1000-ға жуық әйел босанып, перзент сүйеді. Жарақат алған науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Тәулік бойы тұрғындарға қабылдау бөлімшесі қызмет жасайды, – дейді аурухана басшысы Дәулет Ахметбеков.
Расында, ауруханада 24/7 қағидасы бойынша зертхана, 2 ота жасау бөлме, жансақтау бөлімшесі қызмет көрсетеді екен. Ауыр жағдайдағы науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Ауруханада инновациялық жұмыстар жүргізілуде. Жаңа емдеу әдістері мен зерттеулердің қолға алынғаны көрініп тұр. Сол сияқты біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, оқулар, жаттығулар үнемі өткізіліп, қызметкерлердің тәжірибесі толықтырылып отырады екен.
Осы орайда бас дәрігердің ұйымдық-әдістемелік және ішкі аудит бойынша орынбасары Нұршат Куляшбековамен сөйлестік.Жылда дәрігерлер, орта буынды медициналық қызметкерлер және басқа да мамандар біліктіліктерін арттырады. Қазіргі уақытта ауруханада 32 дәрігер бар. Оның 16-сы жоғары санатты, бесеуі бірінші санатты, біреуі екінші санатты. Білікті қызметкерлердің қатарында жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Кахраман Сафаров, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Тұңғышхан Турғынбаев, перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі Алена Штоль, терапия бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Билалова, балалар бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Гарипова, бас мейірбике Жанар Иманқожаевалардың есімдерін ерекше атап өтуге болады. Дәрігерлер мен орта буынды медициналық қызметкерлердің қай-қайсысы да адал еңбектерінің арқасында халықтың алғысына кенеліп отыр.
Шу қалалық ауруханасы – екі деңгейдегі медициналық көмек көрсететін кәсіпорын. Жақында 3 жыл мерзімге 2 санатты аккредиттеуден өтті.Жүкті, босанушы әйелдерге, нәрестелерге акушерлік және неонаталдық мамандандырылған медициналық көмек жоғары деңгейде көрсетіледі. Инсультке шалдыққан, ауыр жарақат алған азаматтарға заманауи тәсілдер арқылы жәрдем береміз. COVID-19 пандемиясы кезінде Шу қалалық ауруханасы уақытша жұқпалы аурулар бөлімшесін ашып, халыққа көмек көрсетті. Сол кезде жұқпалы аурулар бөлімшесіне 707 науқас жүгінді. Жаңа басшымыз Дәулет Хамитұлы келе салып аурухананың материалдық-техникалық жағдайын жақсартты. 487 миллион теңгеден астам қаржыға 13 медициналық жабдық, реанимобиль алынды. 2023 жылдың нәтижесімен аурухананың медициналық құрал-жабдықтармен жарақтану деңгейі 93,51 пайызды құрады, – дейді Нұршат Сәмединқызы.
Шу қалалық ауруханасы республика бойынша 98 көпсалалы қалалық ауруханалар арасындағы рейтингте 6-7 орынға ие. 2023 жылдан бері 6 бейінді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері арқылы 12 төсектік медициналық оңалту және қайта қалпына келтіру бөлімшесі ашылып, аудан тұрғындарына қызмет жасауда екен.
Қабылданған шешімдерге сәйкес 2024 жылғы 1 маусымнан бастап жүкті және босанған әйелдерге, сондай-ақ стационарлық жағдайда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтер көтерілетін болады. Тарифтердің көтерілуі медициналық ұйымдардың соңғы жылдары жиналған инфляциялық шығындарын өтеуге және денсаулық сақтау саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта абдоминалдық хирургия, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология және ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология сияқты бірқатар бағыт бойынша тарифтерді кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда, – дейді аурухана басшысы Дәулет Хамитұлы.
2024 жылдан бастап Шу қалалық ауруханасының төсек бейінінің құрамы 228 төсек болыпты. Алдағы уақытта көпсалалы орталық аудандық аурухана болып қайта құрылмақ. Ангиограф сатып алып, тері арқылы коронарлық араласулар орталығы орналастырылады деген жоспар бар. Алайда ауруханада акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог дәрігерлер сияқты мамандардың тапшылығы бар екен. Бұл олқылықтың да орны жақын арада толады деген сенімдеміз.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз