жексенбі, 23 наурыз, 2025 23:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлыстың Ұлы күні: Қазақ-қырғыз мәдени кеші өтті

Ұлыстың Ұлы күні: Қазақ-қырғыз мәдени кеші өтті
Фото: Jambylinfo.kz
Наурыз – бірлік пен татулықтың, жаңару мен достықтың мерекесі.

Осыған орай, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Елдің күштілігі – халықтың бірлігінде: қазақ, қырғыз халықтарының мәдениетімен танысу» атты мерекелік кеш өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Көпұлтты халқымыздың бірлігі мен татулығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар мен өнер майталмандары қатысты. Олардың қатарында «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібаев, жеке кәсіпкер Айсалқын Күлешова, Халықаралық ұстаздар Одағының мүшесі, Б.Момышұлы және Қазақстан патриоты төс белгісінің иегері Айжан Мырзахметова, мәдениет саласының үздігі, композитор Айман Орманова, сондай-ақ Жамбыл облыстық «Ақ жол» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Абдусаттарова болды.

Кеш барысында қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ рухани құндылықтары туралы келелі әңгімелер қозғалды. Достық пен бауырластықты дәріптеген бұл кездесуде қатысушылар қазақ-қырғыз мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын, ортақ дәстүр мен мұраны сақтау қажеттігін атап өтті.

Мерекелік кеш өнерпаздардың әсерлі қойылымдарымен жалғасын тапты. Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының оқушылары Алуа Әбденбек пен Гүлсая Талқа домбырамен ән шырқап, №3 мектеп-лицейінен Әділхан Ибраһим мен Бейсеналы Нұрбұлан қырғыз күйлерін орындады. Ал №55 мектептің «Шұғыла» би тобы қазақ биін билеп, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл кеш тек өнер мерекесі ғана емес, бауырлас халықтардың рухани байланысын тереңдете түскен маңызды шара болды. Қазақ пен қырғыз халықтары ежелден ауылы аралас, қойы қоралас көрші елдер ретінде татулық пен достықты сақтап, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеп келеді. Ұлыстың Ұлы күнінде ұйымдастырылған бұл мәдени кездесу – сол бауырластықтың жарқын дәлелі.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар