сенбі, 15 ақпан, 2025 14:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлытау облысында еліміздегі ең ірі шахмат академиясы ашылды

Ұлытау облысында еліміздегі ең ірі шахмат академиясы ашылды
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Шахмат академиясы Қазақмыс корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы меморандум аясында салынған

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жезқазған қаласында бес дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясының жаңа филиалы өз жұмысын бастады. Ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев қатысты.

Академия Қазақстандағы ең ірі шахмат орталығы ретінде танылды. Жалпы ауданы 900 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 5-18 жас аралығындағы 1000-ға жуық жас шахматшы білім алады.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов академияның ашылуымен құттықтап, Қазақстанда шахматтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:

«Ұлт ұясы – Ұлытауда сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Барлығыңызды академияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы спорт саласына ерекше көңіл бөлуде. Нәтижесінде спортшыларымыз әлемдік додаларда әрқашан биіктен көрініп келеді. Шахматта біздің спортшылар әлемдік додаларда өте жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Елімізде 8 мыңнан астам шахмат үйірмелері жұмыс істейді. 270 мыңнан астам бала шахматпен айналысады. Жансаяның өзі халықаралық гроссмейстер. Әлемдік аренада топ жарып, өзінің спорттағы жолынан бөлек, балаларды спортқа баулып, оларға жол ашып жатыр. Келешекте осындай академиялардан әлемдік додаларды бағындыратын спортшылардың өсіп шығатынына сенімдімін», - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков өңірден болашақта танымал шахматшылар мен ел чемпиондары шығып, халықаралық жарыстарда Қазақстанның атын әйгілі ететініне сенім білдірді.

Жезқазғандағы шахмат академиясы «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы меморандум аясында салынды. Бұл жоба бизнес пен мемлекеттің спорт пен білім саласындағы әріптестігінің айқын көрінісі.

Академияның ашылуына орай «KAZAKHMYS YOUTH TEAM CHESS CUP» атты алғашқы халықаралық балалар командалық турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Моңғолиядан келген 100-ден астам жас шахматшы қатысты.

Жаңа академияның ашылуы Қазақстанда шахматтың бұқаралық сипат алуына және дарынды балалардың кәсіби дамуына тың мүмкіндік береді.

 

Бақытжан Бекболат

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар