сейсенбі, 25 наурыз, 2025 16:16

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлытаудағы апат: қаза тапқандардың несиелері жабылып, отбасыларына 141 миллион теңгеге дейін өтемақы төленеді

Ұлытаудағы апат: қаза тапқандардың несиелері жабылып, отбасыларына 141 миллион теңгеге дейін өтемақы төленеді
ашық дереккөз
"Қазақмыс" компаниясы "Жомарт" кенішінде қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына шұғыл көмек ұйымдастырды.

Құрылған ішкі штаб өтемақы төлеу, қарыздарды жабу, марқұмдардың денесін тасымалдау және отбасыларын жұмыспен қамту мәселелерін үйлестіреді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Компания басшылығы қаза болғандардың отбасыларына барып, көңіл айтты.

Өз кезегінде "Қазақмыс" жұмысшыларын "KM Life" сақтандыру компаниясының міндетті және ерікті сақтандыруымен қамтамасыз еткен. Қаза тапқан кеншілердің балалары үшін сақтандыру төлемдері белгіленіп, олар 18 жасқа дейін (немесе ЖОО-да күндізгі бөлімде оқыса, 23 жасқа дейін) ай сайын төленеді.

Жерлеуге арналған жәрдемақы: 100 АЕК көлемінде бір реттік сақтандыру төлемі қарастырылған.

Ұжымдық келісімшартқа сәйкес, қаза тапқандардың отбасыларына 10 жылдық жалақы көлемінде өтемақы беріледі. Бұл сома 84-тен 141 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде болады. Сонымен қатар, жерлеу рәсіміне 2,2 миллион теңге бөлінді.

 Қаза болған жұмысшылардың 47,5 миллион теңге көлеміндегі несиелері (Bank RBK, Kaspi, Halyk Bank) толық өтелмек.

Алғашқы нұсқа бойынша шахтада тау опырылған деп болжанғанымен, кейін газ жарылуы себеп болғаны анықталды. Қазіргі уақытта шахтадағы жұмыс уақытша тоқтатылып, оқиғаның себептері зерттелуде. "Қазақмыс" қауіпсіздік стандарттарын жетілдіруге уәде беріп, 2025 жылы 38 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтып, Үкіметке тергеуді мұқият жүргізуді тапсырды.

Қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияны Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар