Мәлік Отарбаев: Жамбылдағы химия өнеркәсібін дамыту – басты назарда
- авторБақытжан Бекболат
- 16 сәуір, 2025
- 197

Кездесу аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, жұмысшылармен еркін пікір алмасу өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Белгілі болғандай, еліміздегі химия өнеркәсібі өнімінің 20 пайыздан астамы Жамбыл өңірінде өндіріледі. «Қазфосфат» ЖШС бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеевтің айтуынша, Қаратау аймағында аталған серіктестіктің онға жуық өндіріс ошағы жұмыс істейді. Компания өнімдері Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытайға, сондай-ақ ішкі нарыққа экспортталады.
Мәлік Отарбаев өндірістің әлеуетімен танысып, өңірдің экономикалық маңызын атап өтті. Ол, әсіресе, кәсіби кадр даярлау қажеттігін ерекше тоқталды.
-Өндірістің дамуы мен тұрақты жұмыс істеуі үшін білікті мамандарды даярлау аса маңызды. Осы мақсатта жуырда ашылған Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы филиалы «Қазфосфат» ЖШС қолдауымен химиялық инженерия және өнеркәсіп саласы бойынша жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталады, - деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев