жұма, 27 желтоқсан, 2024 17:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Мектептегі буллинг»: Мұғалім қысым көрген оқушыға қалай көмектеседі

«Мектептегі буллинг»: Мұғалім қысым көрген оқушыға қалай көмектеседі
Сурет:Ашық дереккөзден алынды
Ел мектептерінде буллинг мәселесі өршіп тұр

Буллинг -  бүкіл әлемде бар мәселе. Қазақстан мектептерде буллинг жиі кездеседі. Оған жаңа оқу жылында Қызылорда, Астана қалаларында орын алған қайғылы оқиғаларды атап өтуге болады. Жалпы мектепте оқушының буллингке ұшырап, қатарластарынан
қысым көргенін қалай байқауға болады? Бұл мәселеде мамандар не дейді? Jambylinfo.kz. тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жариялаған дерекке сүйенсек,
Қазақстанда 11 жастан 15 жасқа дейінгі әр бесінші оқушы қатарластарынан қысым (буллинг) көреді екен.

Әсіресе 11-13 жастағы оқушылар арасында жиі кездеседі. 

Балалар психологы Камила Қапалбай оқушылар арасындағы буллингтің себебін, оның алдын алуда және күресуде мұғалімнің рөлін, ата-ананың баласымен қарым-қатынасы туралы айтып берді.

Буллинг - деген не?

Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда, қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Адам үйде, мектепте, автобуста немесе интернетте, жалпы айтатын болсақ, кез келген жерде буллингке ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар бұл физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы (оқушы) мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін және әлсіз оқушыны қорлап, күтпеген жерден немесе ескерту арқылы шабуыл жасайтын адамды сипаттайды.

Буллинг неден басталады?

Буллингке кез келген сыныптағы оқушылар ұшырауы мүмкін. Көбіне бастауыш сынып оқушылары арасында кездеседі. Ол бірнеше жылдан мектепті аяқтағанша созылуы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қорқыту, кемсіту белгілі бір топқа біріккен оқушылардың өзінен ерекшеленетін баланы шеттетуден басталады.

Ал мұғалімдер оқушының буллингке ұшырағанын білсе не істеуі тиіс?

Мұғалім ең алдымен баламен ашық сөйлесіп мәселенің мән-жайын анықтауы керек. Мұнан кейін бірден оқушының ата-анасымен байланыс орнатып, бар мәселені ашық талқылауы керек. Әрі қарай мектеп психологының көмегіне жүгінгені дұрыс.

Ата-ана баланың буллингке ұшырамауы үшін не істеуі керек?

Бірінші кезекте, кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажет. Буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда ғана баланың қысымға ұшырағанын не қатарластарынан көргенін айта алады. Мектептегі уақыты қалай өткенін, интернетте не істейтінін сұраған жөн. Тек сабақ үлгерімі емес, баланың сезімі, қатарластарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесу қажет.

Буллингке ұшыраған баланың мінез-құлқында қандай өзгерістер болады?

- бала тұйықталып кетеді;

- Өзінен кіші балаларға агрессиямен қарау;

- ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы;

- Ештеңеге зауқы соқпайды;

- Мектепке барғысы келмейді;

- тез шаршайды;

Психолог маман оқушыдан осы аталған белгілер байқалса, бірден дабыл қағуы керек дейді.

Жамбыл облысында буллингпен күрес қалай жүріп жатыр?

Облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов облыс мектептерінде буллингпен күрес жүйелі түде жүріп жатқанын  айтты. Бұл туралы басқарма басшысы Өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте Jambylinfo.kz тілшісінің мектептердегі  буллинг мәселесіне қатысты қойған сұрағына жауап берген болатын.

Рауан Садырқұловтың айтуынша, облыстағы мектептерде буллинг мәселесін болдырмау үшін барлық білім ұялары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылды. Қазіргі таңда аналогтық бейнекамераларды цифрлық бейнекамераға ауыстыру жұмыстары қатар жүруде.

«594 білім беру ұйымының 68,4 пайызы интеграцияланған, 80,5 пайызы дабыл түймесімен жабдықталған. Бұдан бөлек, 75,5 пайызы мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 93 мобильді топ құрылған. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты мәселелер, шағымдар мен ұсыныстар болған жағдайда байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Jambyl-109» сенім телефоны барлық мектептерге орнатылды»,-деп жауап берді басқарма басшысы.  

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар