Мемлекет басшысы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасын қабылдады
- авторjambylinfo.kz
- 24 қаңтар, 2025
- 41
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әсел Жанасова 2023 жылғы жетістіктер туралы баяндады. Соңғы екі жылда «Қазпошта» таза табысқа шығып, бюджетке 45 миллиард теңге салық пен баж төледі. Компания алғаш рет Дүниежүзілік пошта одағының үздік 50 пошта операторының қатарына енді. Тасымал үдерісін оңтайландыру нәтижесінде жөнелтілімдер көлемі 26%-ға өсіп, 20 миллион, оның ішінде 9 миллион халықаралық сәлемдеме жеткізілген.
HomePost жобасы аясында үй жанындағы дүкендерде тапсырыс беру пункттері ашылып, олардың саны 180-ге жетті. Биыл бұл көрсеткіш 1 мыңға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ YTO Express компаниясымен серіктестік аясында пошталық инфрақұрылымды жаңғырту үшін 50 миллион доллар инвестиция тартылған.
Компания қызмет сапасын арттыру мақсатында инновацияларды енгізіп жатыр. Japan Post, Toshiba және Cainiao компанияларымен көлік пен логистика саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Халықаралық маркетплейстерге қолжетімділікті арттыратын Keruen сервисі дамуда. Сонымен қатар, Ақтөбе әуежайында Түркияның S-Sistem компаниясымен серіктестік негізінде аумағы 15 мың шаршы метр болатын мультимодальды қойма салу жоспарлануда.
Президент компанияның қаржылық тұрақтылығын нығайту, ТМД елдеріне бағытталған көлік-логистикалық әлеуетті дамыту және электронды сауда саласында цифрлық шешімдерді белсенді енгізу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз