Қоғам тұрақтылығы – ел дамуының негізі
Кез келген Қазақстан азаматының басты игілігі – қоғамның тұрақтылығына үлес қосуы. Қазақ елі әлемдік саяси аренадағы өз абырой-беделін бейбітсүйгіштігімен, теңқұқықтылықты ұстануымен, ішкі-сыртқы қарым-қатынасқа байланысты саяси қадамдар жасауда бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімін халықтың жан қалауымен таңдап жүргізуінің арқасында көтерді.
Әлемдегі көптеген мемлекеттердің орнықты дамуына кедергі келтіріп, тіпті алпауыт елдердің тоз-тозы шығуына этностық және діни жанжалдардың әсер етіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ал Қазақстан егемендік алғалы елдің ішкі бірлігін сақтауға баса мән беріп, мемлекетіміздің ырғақты дамуы саяси тұрақтылық пен халықтың ынтымақта күн кешуімен тікелей байланысты екенін жадыдан шығармады. Соның арқасында елімізде саяси тұрақтылық мықтап орнығып, Қазақстан Республикасы бүгінде әлем елдері үшін қауіпсіз мекенге айналып отыр. Халықтың осындай абыройға кенелуіне, елдің ішкі бірлігі мен мақсат-мүддесінің бір арнаға тоғысуына сеп болатын түрлі іс-шаралардың да қоғамға тигізіп отырған ықпалын айта кетуіміз керек.
Жақында «Достық» керуені жобасы аясында Жуалы ауданында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің және аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Аталған көшпелі отырыс жиынын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева мен облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан жүргізді. Ал аналар кеңесінің жиынын облыстық аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали ашып, модераторлық етті.
Жобаның мақсаты – өңірдің этностар тығыз орналасқан аудандарында этномәдени бірлестік мүшелерінің, ассамблея құрылымдарының халықпен кездесулерін өткізу мен коммуникациялар қалыптастыру. Сондай-ақ этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу үшін жастар, мәдени және басқа да құрылымдар нысанындағы диалог алаңдарының жұмысына қатысу, жастар арасында мәдени-спорттық байланыс орнату да жобаның көздеген бағытының бірі.
Алқалы топта сөз сөйлегендер қатарында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің этномәдени бірлестік жетекшілері мен ақсақалдары да болып, олар өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, «Дніпро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, «Әзірбайжан этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асабали Поилиев, Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов жиында белсенділік танытты. Сонымен қатар «Қарашай-балқар» қоғамдық бірлестігі «Архыз» облыстық филиалының төрағасы Леля Узденова, «Архыз» қарашай-балқарлардың ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов, «Жамбыл облыстық Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ақсақалы Абдукаим Мусаев та тақырыпқа сай келелі мәселелерді қозғады.
Спикерлер жасалған баяндамаларда өз ортасында беделді, көпшілікке айтары бар, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар тарапынан этносаралық қатынасты нығайту, кеңес жұмысын жандандыру мақсатында ел ішінде жастарға ақыл-кеңес беріліп тұратындығы айтылды. Жиында ауыл тұрғындарының, жастардың мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауы керектігі, мемлекеттік тілді игеру баршаға ортақ екені, этносаралық кикілжіңді болдырмау сынды маңызды істер аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көбейту сынды мәселелер көтерілді.
Жалпы ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға белсенді атсалысып, ортақ іске барынша зор үлес қосуда. Ақсақалдар кеңесі бірлесе атқарған жұмыстары арқылы бүгінде тұрғындардың татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізіп отыр. Қоғамдағы тұрақтылыққа баса назар аударып отырған ақсақалдар кеңестері алдағы уақытта да мемлекет пен тұрғындар арасындағы әмбебап диалог алаңына айналатыны сөзсіз.
Сонымен қатар аналар кеңесінде жастармен жұмыс істеп, ажырасу алдында тұрған жұптарды татуластыру, мұқтаж жандарға көмектесу, отбасылық құндылықтар, үлкендерге құрмет көрсету, қоршаған ортада болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамай, кез келген келеңсіз жағдайды жақсы жаққа өзгерту мәселелері қаралды. Сондай-ақ отбасындағы тәрбие, ата-ананың баланы қадағалауы, қазіргі кезеңде белең алып отырған жастар арасындағы діни жат ағымдар, лудомания, нашақорлық, денсаулық мәселесі кеңінен талқыланып, облыс аймағындағы барлық аналар кеңестерінің жұмысын жандандыруға баса назар аударылды.
Іс-шара соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Қасымқызы белсенді ақсақалдар мен аналарға мекеме басшылығы атынан сыйлықтар тарту етіп, Алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетейік, «Достық керуені» жобасы қыркүйек айында басталып, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Талас, Сарысу, Байзақ аудандарын қамтып келеді. Ақсақалдар және аналар кеңестері 500-ден аса адамның қатысуымен 14 отырыс өткізсе, жас суретшілер байқауында 120 бала шығармашылығын таныстырды. «Өнерім саған, Қазақстан» фестивалінің іріктеу кезеңінде 100-ге жуық үміткер өнерлерін көрсетті. Ассамблея жастарының «PRO ANR» тақырыбындағы 16 кездесуі мен мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, менің Қазақстаным» атты тимбилдингіне 800 адам қатысты. Бұдан бөлек жоба аясында «Ғылыми-сараптамалық қолдау» бөлімінің сарапшылары облыс аумағындағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандар мен елді мекендерде 394 респондентті қамти отырып, фокус-топтық зерттеулер мен сауалнамалар жүргізді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала