Президент атап өткен жаңа экономикалық модельге нақты үлес қосуға дайынбыз – Камшат Түсіпова
- авторСадуақас Айсұлу
- 5 қаңтар, 2026
- 132
Мемлекет басшысының ой-тұжырымдары қоғамның барлық саласына, соның ішінде білім, ғылым және су ресурстарын басқару бағыттарына тікелей қатысты.
Сұхбаттан айқын аңғарылатын басты ұстаным – әділдік, заң мен тәртіпке негізделген жаңғыру. Президент экономикалық өсімді нақты деректермен көрсете отырып, тоқмейілсуге жол жоқ екенін ашық айтты. Бұл – біз, жоғары білім мен ғылым өкілдері үшін де маңызды сигнал. Себебі елдің ұзақ мерзімді дамуы тек инфрақұрылым мен қаржыға емес, зияткерлік капиталға, яғни сапалы білім мен қолданбалы ғылымға сүйенеді.
Президент инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы туралы айтқанда, су мәселесі бұл салалардың бәрін біріктіретін түпқазық екенін жанама да, тікелей де көрсетті. Инфляцияны тежеу, тарифтерді әділетті қалыптастыру, ауыл шаруашылығын өнімді ету – мұның бәрі тиімді су басқаруынсыз мүмкін емес. Бұл ретте су ресурстары мен ирригация саласына кәсіби кадрлар даярлау, ғылым мен практиканы ұштастыру – стратегиялық міндет.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті осы жауапкершілікті терең сезінеді. Біз су дипломатиясы, су қауіпсіздігі, климаттық өзгерістерге бейімделу, цифрлық су мониторингі сияқты бағыттарды дамыту арқылы Президент атап өткен жаңа экономикалық модельге нақты үлес қосуға дайынбыз.
2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау – уақыт талабына сай батыл шешім. Су саласы да бұл үрдістен тыс қалмауы тиіс. Ақылды ирригация, деректерге негізделген су бөлу, жасанды интеллект арқылы болжау – мұның бәрі ғылым мен жоғары технологияға сүйенеді. Университеттер дәл осы жерде өзгерістердің драйверіне айналуы керек. Президенттің әлеуметтік әділдік, масылдыққа жол бермеу, нақты еңбекке сүйенген қоғам құру туралы ойлары білім саласына да тікелей қатысты. Біз болашақ су мамандарын тек диплом иесі ретінде емес, ел тағдырына жауапты кәсіби тұлға ретінде тәрбиелеуге міндеттіміз. Су – тек ресурс емес, ол – экология, экономика және қоғамның тұрақтылығы.
Бұл сұхбаттан мен бір анық ой түйдім: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне батыл қадам басты. Ендігі міндет – осы стратегиялық бағытты нақты іспен толықтыру. Университеттер, ғылыми орталықтар мен кәсіби қауымдастықтар Мемлекет басшысының реформалық күн тәртібін жүзеге асыруда алдыңғы шепте болуы тиіс.
Біз су қауіпсіздігі мен тұрақты дамуды ел болашағының өзегі деп санай отырып, Президент ұсынған әділ, білімге сүйенген, технологиялық Қазақстанды бірге құруға дайынбыз.
Камшат Түсіпова
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация
университетінің ректоры






