бейсенбі, 20 ақпан, 2025 23:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараздық дәрігерлер нәрестеге өмір сыйлады

Тараздық дәрігерлер нәрестеге өмір сыйлады
коллаж:Jambylinfo.kz
Қаңтардың басында Тараз қалалық перинаталдық орталығында дүние есігін ашқан нәрестенің өмірі үшін дәрігерлер шынайы күрес жүргізді

Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Алғашқы сағаттарда-ақ оның жағдайы күрт нашарлап, терісі қатайып (склеродермия), бауыры мен көкбауыры айтарлықтай үлкейді (гепатоспленомегалия). Мамандар шұғыл шешім қабылдап, сәбиді жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызды.

Алайда барлық күш-жігерге қарамастан, баланың жағдайы күннен-күнге қиындай берді. Улы заттардың ағзада жиналуы салдарынан қан айналымы мен тыныс алу жүйесінде ақаулар пайда болды. Зерттеу барысында дәрігерлер нәрестеден ауыр цитомегаловирус (ЦМВ) инфекциясын анықтады. Бұл дерт бауырдың қызметін күрт бұзып, сәбидің өміріне қауіп төндірді. Бұған дейін мұндай ауыр жағдайға тап болмаған дәрігерлер бір сәт те кідірместен емдеу шараларын бастады.

Күрес күндерге, апталарға созылды. Сәби комаға түсіп, бірнеше күн бойы зәр шығармай, жағдайы одан әрі қиындай түсті. Бірақ ақ халатты абзал жандар үміттерін үзбей, барлық мүмкіндікті пайдаланып, күресуді тоқтатпады. Көп ұзамай күтпеген керемет орын алды – сәби алғашқы рет зәр шығара бастады. Бұл оның ағзасы қайта қалпына келе бастағанының алғашқы белгісі еді. Уақыт өте келе қан айналымы жақсарып, он күннен кейін бала ана сүтімен тамақтанды. Біртіндеп бауырдың қызметі де қалыпқа түсіп, жасанды тыныс алу аппаратының да қажеті болмай қалды.

Нәрестенің жағдайы тұрақтанған соң, дәрігерлер оны әрі қарай емдеу үшін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Балақаймен бірге күн сайын тағдыр сынағын өткерген анасы дәрігерлерге жүрекжарды алғысын білдірді.

Ол әсіресе реанимация бөлімінің меңгерушісі Әуез Хасенұлына, дәрігерлер Мүнира Баядилқызына, Аида Жолдасбайқызына, Арайлым Сейдарапқызына және бүкіл бөлім қызметкерлеріне ерекше ризашылығын жеткізді.

"Сіздердің біліктіліктеріңіз бен қамқорлықтарыңыздың арқасында біздің баламыз өмір сүріп жатыр. Алғысымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сіздер – шынымен де өмірді құтқаратын нағыз батырларсыздар!" – деді сәбидің анасы.

 

Бақытжан Бекболат

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар