Қытай АҚШ-тан келетін тауарларға қатаң салық салды
- авторБақытжан Бекболат
- 4 сәуір, 2025
- 516

4 сәуірде Қытай билігі америкалық өнімдерге 34 пайыз көлемінде кедендік салық енгізетінін хабарлады. Бұл шешім АҚШ тарапынан қойылған шектеулерге жауап ретінде қабылданды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сонымен қатар, Қытай АҚШ-қа бірқатар сирек кездесетін металдарды экспорттауға тыйым салды. Олардың қатарында самарий, гадолиний, тербий, диспрозий, лютеций, скандий мен иттрий бар. Бұл элементтер электроника, аккумулятор және чип өндірісінде маңызды рөл атқарады. Бұл шектеу бірден күшіне енді.
Бұған қоса, Қытай 27 америкалық компанияға қарсы санкция енгізді. Олардың ішінде логистикамен және әскери технологиямен айналысатын кәсіпорындар бар.
Айта кетсек, 2 сәуір күні АҚШ әкімшілігі Қытайдан әкелінетін барлық тауарларға дәл осындай – 34 пайыздық – салық енгізген еді. Қытай бұл шешімге тура солай жауап қайтарды.
Бұл жағдай халықаралық деңгейде де алаңдаушылық тудырып отыр. Мәселен, Канада АҚШ-тан әкелінетін көліктерге 25 пайыздық салық салатынын жария етті. Ал Жапонияның сауда министрі Ёдзи Мото жаңа тарифтерге байланысты алаңдаушылығын білдіріп, Токио бұл мәселеге қатысты барлық нұсқаны қарастырып жатқанын жеткізді.
Австралияның премьер-министрі Энтони Албанезе бұған қатысты: "Дос елдер мұндай қадамға бармауы тиіс", – деп пікір білдірді. Дегенмен, Австралия жағдайды ушықтырмау үшін жауап ретінде салық енгізбейтінін мәлімдеді.
Үндістан да АҚШ-тың 26 пайыздық салығына қатысты мәселені зерттеп, келіссөздер арқылы өзара тиімді шешімге келуге үміттеніп отыр.
Ал Ұлыбритания, қаржы министрі Рэйчел Ривздің айтуынша, бұл жағдайға байланысты ешқандай қарсы шара қолданбайды.