дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 7:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығын жеті әйел паналап жатыр

Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығын жеті әйел паналап жатыр
Сурет ашық дерекөзден алынды
Орталықта сонымен қатар 15 бала бар

Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Шу, Мойынқұм, Жуалы, Меркі, Талас, Жамбыл, Сарысу, Рысқұлов, Байзақ аудандық кеңес беру кабинеттерінің мамандары «Әр әйел бақытты болуға лайықты» атты семинар-тренинг өткізді,деп хабарлайды jambylinfo.kz.
 2024 жылы 9 аудан бойынша кеңес алу кабинеттеріне 522 қызмет алушы қайырылса, сенім телефоны арқылы 241 кеңес берілген. 20-дан аса әйел кеңес кабинеттерінің қызметкерлерінің араласуымен күйеулерімен татуласқан. 50 азаматша жұмыспен қамтылып отыр. 
Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында 7 әйел және 15 бала бар. Тағдыр тауқыметімен түрлі соққы алып, орталықты паналап жатқан нәзік жандылармен  тілдесудің де сәті түсті. 
«Күйеуім лауазымды қызмет атқарады. 3 балам бар. 2022 жылы да осы орталыққа жүгінген едім. Соңыра күйеуіммен татуласып, отбасыма қайта оралдым. Алайда екі жылда ештеңе өзгермеді. Құмар ойын ойнайды, ішімдік ішеді, көзіме жиі шөп салады, қол көтереді. Міне биыл ажырасып, алимент өндірдім», –дейді келіншек. 
Өзін «Назерке» деп таныстырған әйелдің 6 перзенті бар екен. Күйеуі жұмыс істемейді, отбасына көңіл бөлмейді. Ішімдікке салынып кеткен. Назеркенің күйеуінен орталықтың көмегімен мәжбүрлі түрде алимент өндіріліп, келіншек тігін цехына жұмысқа орналастырылған. 
Ал 6, 4 және 3 айлық үш баласы бар жас келін төркінінің алыстығына байланысты орталыққа қайырылғанын айтады. Оның отбасынан кетуіне күйеуінің туыс ағасы зорламақшы болғаны себеп болған. «Ең сорақысы ата-енем маған «арыз жазба, ұят болады» деп көндіргісі келді. Олар мені түсінбеді. Қорлықтан қашып, әрең құтылдым. Егер мен қашып құтылмағанда, тағдырым не болар еді?! Ол қайын ағамның үш баласы, жұбайы бар. Сонысына қарамастан мені зорламақ болды. Қазір іс заңмен қаралып жатыр. Сот шешім шығарғанша, осы орталықты паналаймын. Егер ата-енем «басқа ауылға немесе қалаға көшеміз, отбасыңды сақтап қал» десе қарсы емеспін. Бірақ енді мен ол ауылға қайтадан барып бұрынғыдай өмір сүре алмаймын» – дейді ол.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар