жексенбі, 27 шілде, 2025 3:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Әжемнің ертегілеріне саяхат»: Жамбылда әжелердің тәрбиелік миссиясы марапатпен ұштасты

«Әжемнің ертегілеріне саяхат»: Жамбылда әжелердің тәрбиелік миссиясы марапатпен ұштасты
aqjolgazet.kz
Жамбыл облысында бала тәрбиесін ұлттық құндылықтар негізінде дамыту жолында ерекше жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Әжемнің ертегілеріне саяхат» атты жоба.

Бұл бастама – жас ұрпақтың бойына халық ауыз әдебиетін, салт-дәстүр мен рухани-мәдени мұраларды сіңіруге бағытталған тәрбиелік мәні зор іс-шара. Жобаның басты ерекшелігі – бүлдіршіндерге ертегіні өз заманында бала тәрбиесімен айналысқан, тәжірибесі мол ақ жаулықты әжелердің өз аузынан жеткізуі.

Жоба аясында әр аптада екі күннен балалар бақшаларында, бастауыш сыныптарда ерікті әжелер қазақтың көне, әрі тәрбиелік мәні терең ертегілерін оқиды. Бұл үрдіс жергілікті білім бөлімдері мен аналар кеңесі мүшелерімен тығыз байланыс орната отырып, үйлесімді түрде жүргізіліп келеді.

Ертегі айту – жай ғана уақыт өткізудің амалы емес, ол – баланың ой-санасын, тіл байлығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыратын тәрбиелік құрал. Сол себепті де бұл жобаның ұрпақ тәрбиесіндегі орны айрықша.

Осы игі бастамаға белсене атсалысқан зейнет жасындағы ұстаз-әжелерге құрмет көрсету мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы «Ақ әжеме алғыс» атты марапаттау рәсімін ұйымдастырды. Бұл іс-шара – еңбек ардагері аналардың өнегелі еңбегіне деген шынайы алғыс пен құрметтің жарқын көрінісі болды.

Іс-шараны орталық директоры Жасұлан Әбдіхалық ашып, ертегі айту дәстүрінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:
– Бала күнінде ертегі тыңдамаған ұрпақтың рухани әлемі олқы болары сөзсіз. Әжеміздің айтқан ертегісі – біз үшін тәрбие мектебі ғана емес, ұлттық болмысымыздың айнасы, – дей келе, ертегі айту дәстүрін жаңғыртушы аналарға алғыс білдірді.

Марапаттау рәсіміне облыстың түкпір-түкпірінен келген аналар кеңесінің төрайымдары мен балабақшаларда ең белсенді ертегі оқыған әжелер арнайы шақырылды. Олардың арасында көпшілікке үлгі боларлық өнері, білімі және мейірімімен танылған азаматшалар бар.

Облыстық аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова өз сөзінде жобаның маңызын атап өтіп, жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Ол әжелердің ертегі айту арқылы тек балаларға емес, өздеріне де рухани серпіліс, өмірге деген құлшыныс беретінін атап өтті. «Бүгінгі марапат – аналарымыздың жүрек жылуы мен тәрбиелік еңбегіне деген шағын ғана алғысымыз», – деді ол.

Мерекелік жиынның сәнін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауындағы әндер келтірді. Бақыт Шағырбаев, Торғын Орынбаева және Айгүл Мақашова қазақ аналарына арналған жүрек тебірентер әндерін орындаса, дәулескер күйші Нұрлатбек Әзімбаев «Ерке сылқым» күйімен көрермен көңілін тербетті. Ал бұл күйге шабыттана билеген Айжан Өтешова есімді ақ жаулықты әжеміздің халық биі – көрерменді тәнті етті.

Бұл күн – тек марапаттау емес, рухани байып, жүрек жылуына бөленген ерекше күн болды. Әжелеріміздің бойындағы мейірім, парасат пен тәлім бүгінгі ұрпаққа ауадай қажет. Сондықтан да мұндай іс-шаралар – тек мерекелік сипатта емес, ұлттың келешегіне салынған рухани іргетас екенін ұмытпауымыз керек.

Жамбыл жұртының бастамасы өзге өңірлерге де үлгі болары анық. Өйткені халық ертегісі – ұлттың жаны. Ал оны баланың бойына бесіктен бастап сіңіру – дана елдің дара жолы.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар