Денсаулық министрлігі тәтті сусындарға неге салық салуды ұсынғанын түсіндірді
- авторjambylinfo.kz
- 22 ақпан, 2024
- 693
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың денсаулығы үшін қант қосылған сусындарға қосымша салық салуды ұсынып отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда семіздік пен қант диабетіне шалдыққандар санының өскені байқалады. Әсіресе, семіздік балалар арасында белең алған. Ал артық салмақ болашақта созылмалы аурулардың асқынуына әкеп соғады.
«Мысалы, қателеспесем, 0,5 мл кока-коланың құрамында қанттың 10 тәуліктік дозасы бар. Яғни тәтті сусынды ішкен бала он есе мөлшерде қант тұтынады. Оның үстіне, біз білеміз, қант барлық дерлік өнімнің құрамында кездеседі. Тәтті сусындарға акциз енгізуді денсаулық сақтау министрлігі ойлап тапқан жоқ. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы. Мұндай акциз көптеген елде бар», деп түсіндірді Есмағамбетова сенат кулуарында.
Вице-министрдің пікірінше, қант қосылған сусындарға салынатын салық тұтынуды азайтуға көмектеседі. Десе де министрлік бұл шарамен шектеліп қалмайды. Таңбалау енгізу, баланың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыратын ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Алайда ведомствоның бұл бастамасын сусын өндірушілері қолдамай отыр. Есмағамбетованың айтуынша, бизнестің қарсы болуы қалыпты құбылыс. Себебі акциз оларға қосымша жүктеме түсіреді.
«Бірақ біз бизнес пен халықтың денсаулығы арасындағы балансты сақтауымыз керек. Себебі, тағы қайталап айтамын, балалар арасында сырқаттанушылық өсіп барады. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі дұрыс тамақтану позициясында қалады», деп атап өтті вице-министр.
Бұған дейін Jambylinfo.kz тілшісі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры Салтанат Назаровадан тәтті сусындарға салынатын жаңа салық туралы сұхбат алған еді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз