Былтыр топан судан кейін депутаттар салып берген үйлер биыл тағы да суға кеткен
- авторjambylinfo.kz
- 3 сәуір, 2024
- 611
Парламент мәжілісінің депутаттары ел тұрғындарын әбігерге салып қойған су тасқыны туралы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жуырда мәжіліс депутаттары халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайтқан.
«Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. «Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз» дейтін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз», - дейді әріптестерінің атынан депутаттық сауалды оқыған Мақсат Толықбай.
Оның айтуынша, топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал біздің кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ. Беті ашылған тағы бір проблема – су саласында білікті маман тапшы.
«Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни, ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз», - деп санайды Толықбай.
Оның айтуынша, былтыр көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге депутаттар үй салып берген. Алайда биыл сол үйлер тағы да қарғын судың астында қалды.
«Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан су шайып өткен бірнеше үйге «Amanat» партиясы тарапынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан едік. Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті. Себебі Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті прокуратура жобалық құжаттамасынан кінарат тауып, тоқтатып тастаған. Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені, шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал», - деп ескертті ол.
Сондай-ақ Мақсат Толықбай баспанасы жермен-жексен болып, бала-шағасымен босып кеткен ағайынның тағы бір мұңын жеткізді.
«Комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек», - деді мәжілісмен.
Айтуынша, қауіптің басы қайтты деуге әлі ерте. Алда СҚО, Павлодар, ШҚО тұр. Алтайда қар енді ери бастады. Марқакөл мен Қатонқарағайда 2 метр қар жатыр.
«Торғай даласын көрдіңіздер. Ел қатынайтын жалғыз күрежолды су алған. Тікұшақ пен үлкен техникалар ғана жүре алады. Сондықтан, осы өңірлерді қажетті азық-түлік, дәрі-дермек, жем-шөп қорымен қамтамасыз етуді жіті назарда ұстау керек», - деп мәлімдеді халық қалаулысы.
Мәжіліс депутаттары осы айтылғандарды ескере келіп, үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:
- Қазақстандағы барлық өзеннің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
- ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
- өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
- гидротехник-инженер мамандардын дайындау;
- биыл төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиесін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Атырауда құтқарушылар саусағы шайбаға кірген балаға көмектесті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024
«Көзіне пышақ кіріп кеткен». Петропавлда үш жасар сәби ауруханаға түскен
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024