Тасқыннан зардап шеккен халыққа шоу-бизнес жұлдыздары қандай көмек беріп жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 9 сәуір, 2024
- 1.3k
Былтыр қыста Түркияның бірнеше қаласында жойқын жер сілінісі болып, мыңдаған адам опат болып, миллиондаған адам апанасыз қалды. Ел басына күн туғанда түріктің эстрада, кино актерлері жапа шеккен тұрғындарға медеу болып, ел арасынан табылғанына сүйсіндік.
Қазір Қазақстанда апат болған аймақтарда ахуал күрделі. Мыңдаған үй су астында қалып, халық әлеуметтік нысандарға көшірілді. Сын сағатта халық арасындағы тойдың арқасында байыған эстрада жұлдыздары ауызбіршілік таныта алмай отырған сыңайлы. Тіпті сары уайымға салынған, сабылған жұртқа демеу болып, үн қатпай жатқаны да бар. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Қазақстандағы шоу-бизнес өкілдеріне қарағанда түркиялық жұлдыздардың еліне деген жанашырлығының басым екендігін байқауға болады.
Бірақ, резіңке етік киіп ел арасына бармаса да, су тасқынының зардабын тартқан отандастарға қол ұшын беріп жатқандар да бар. Оның ішінде айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева 5 млн қаржылай көмек берді.
"Топан су басып жатқан аймақтардағы халықтың жағдайына алаңдап отырмыз. Біздің күшіміз бірлікте! Бұл қиындықтан да аман өтеміз. Президентіміз барлық шығын өтелетінін айтып жатыр. Азаматтар аман болса осы жерлерде керемет қалашықтар бой көтеріп, арты той болатынына сенеміз. Отбасымыздың атынан 5 миллион қаржы беріп жатырмыз. Алла қаласа балалар киімдері, памперс, тағы басқа керек-жарақты алып әр аймаққа теңдей бөліп таратамыз",- деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Сонымен қатар, көмек ұсынып жатқандар қатарында Төрағали Төреәлі, Нұрболат Абдуллин секілді эстарада жұлдыздары бар. Бұған дейін Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанова 1 млн теңге аударып, қайырымдылық жасаған.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Мадина Сәдуақасова топан судың кесірінен үй-күйсіз қалған халыққа 1 млн теңге көлемінде көмек бергенін жазған едік.