Қызылорданы орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етуге үкімет 5 млрд теңге бөлді
- авторБақытжан Бекболат
- 10 сәуір, 2025
- 200

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет резервінен Қызылорда облысының бюджетіне 5 млрд теңге бөлінді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл қаржы орталықтандырылған ыстық су жүйесінің желілерін салуға жұмсалады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Бүгінде Қызылорда қаласы еліміздегі орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етілмеген жалғыз облыс орталығы болып табылады. Қаладағы көпқабатты үйлер тұрғындары ыстық суды электр немесе газбен жұмыс істейтін құрылғылар арқылы алады, бұл өз кезегінде қауіп тудырып, төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 10 қазанда Қызылордаға жасаған сапарында қала тұрғындарын орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесін 2025 жылдың соңына дейін шешуді тапсырған еді.
Жоба жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайды және екі кезең бойынша жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде 2024 жылы 187 тұрғын үй жүйеге қосылып, екінші кезеңде биыл 236 үй қосылады.
2024 жылы үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінген болатын.
Қазіргі қаулы аясында бөлінген 5 млрд теңге екінші кезеңнің алғашқы жұмыс кезеңдеріне жұмсалатын болады. Осылайша, жоба нәтижесінде Қызылорда қаласындағы 423 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етіледі.