сенбі, 28 желтоқсан, 2024 0:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әлеуметтік нысандарды газбен жылытуға кім жауапты?

Әлеуметтік нысандарды газбен жылытуға кім жауапты?
ашық дереккөзі
Әлеуметтік нысандарды газбен жылытуға кім жауапты?

Облыста 371 елді мекен болса, оның 192-сіне (51,8 пайыз) табиғи газ тартылған. Тұрғындары газ тұтынып отырған ауылдардағы әлеуметтік нысандардың кейбіріне әлі күнге дейін көгілдір отын кіргізілмеген. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан облыста қанша мекеме бар екенін, қаншасы қатты немесе сұйық отын тұтынатынын, табиғи газ кірген елді мекендерде көмір жағып отырған мекемелер саны қанша екенін сұратқанымызда аталған басқармада мұндай мәлімет жоқ болып шықты. Мұндай деректі «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы да бере алмай, «апам да аң-таң, мен де аң-таң» болдық.

Аталған мекемелер тек елді мекендердің газдандырылуы жайлы ғана мәлімет берумен шектелді. Амал жоқ, әр басқармаға жеке-жеке хабарласуға тура келді. Сонымен, алдымен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қоңыраулаттық. Денсаулық сақтау саласында облыс бойынша газы бар ауылдарда орналасқан 7 медициналық нысан ғана газға қосылмапты.

Басқарманың қаржы жоспарлау және инфрақұрылым дамыту бөлімінің жетекшісі Айтымбет Байымбетов Меркі ауданы, Ақермен ауылындағы бір дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаты жасалып жатқанын, келер жылдың басында іске қосылатынын тілге тиек етті. Ал қалған Талас ауданындағы елді мекендерде орналасқан медициналық мекемелерге алдағы екі-үш жылда газ кіргізілетінін жеткізді. Сол секілді өңірдегі барлық 58 спорттық ұйымның қырыққа жуығы аудан әкімдіктерінің бағынысында екен. Әкімдіктердің бағынысындағы қатты отынмен жылытылатын 9 мекеменің ішіндегі Жамбыл ауданы, Түрксіб ауылындағы спорт мектебі, Т.Рысқұлов ауданы №2 балалар жасөспірімдер спорт мектебі, Талас ауданындағы Бостандық спорт мектебі, Шу ауданы Төле би ауылындағы №32 спорт мектебі және №30 балалар жасөспірімдер спорт мектебі елді мекенде газ бола тұра көмірге тәуелді. Осы тектес өңірдегі 193 мәдениет үйі мен клубтың 106-сы қатты отын тұтынып отырса, оның ішінде 32 ауылға газ кіргенімен бүгінде ауылдық клуб мекемелері әлі газға қосылмаған. Иегінің астындағы көгілдір отынның қызығын көре алмай отырған мекемелердің басым бөлігі білім саласына тиесілі. Облыс әкімдігі білім басқармасы берген мәлімет бойынша, өңірдегі 783 білім нысанының 442-сі мектеп, қалғаны балабақша, колледж, кешкі мектеп, мектеп-интернат секілді басқа да білім беру мекемелері. 442 мектептің 67-сі орталық жылу жүйелеріне қосылса, 312-нің өз алдына қазандықтары бар, 62-сі пеш жағып отыр, 1-еуі электр қуатын пайдаланады. Көмірмен жылытылатын барлық білім нысандарының қыстан шығуы үшін 56 мың 419,7 тонна қатты отын қажет екен. Бәрінен де бізді облыс әкімдігі білім басқармасының өңірде нақты қанша мектептің көмірмен жылытылатынын, олардың қайда орналасқанын, көгілдір отынмен қамтылған ауылдарда газға қосылмаған қанша мектеп бар екенін тап басып айта алмауы қынжылтты. Аталған басқарманың «Мұндай мәліметке қол жеткізу үшін аудан әкімдігі немесе білім бөліміне хабарласыңыздар» деген сыңайда жауап қатуы шынымен де ойландырды. Бұл білім басқармасының өңірдегі білім нысандарының жылыту қазандығын біртіндеп болса да көгілдір отынға ауыстыру туралы жоспары болмағанын көрсетеді. Басқарманың материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бас маманы Алмаз Жапарқұлов біз сұратқан мәліметке қатысты білгенін там-тұмдап болса да айтып берді. Бас маман білім нысандарын газдандыру аудандық білім бөлімі тарапынан түскен өтініш негізінде жүргізілетінін меңзеді. Демек өңірдегі кез келген білім ошағы «Бізге газ керек» деп үн қатпаса облыс әкімдігі білім басқармасы бас қатырмайды. – 2018 жылдары газы бар ауылдарда орналасқан 52 білім нысанына көгілдір отын тартылмағаны туралы мәлімет болатын. Қазір бұл дерек өзгерген. Нақты қанша екенін айта алмаймын. Өйткені сол уақыттарда мониторинг жүргізілетін. Бүгінде ешкім талап етпеген соң, зерделеу жұмысы тоқтап қалды. Ал анық-қанығын әр ауданға хабарласу арқылы білуге болады. Негізінен бұл аудан әкімдігі тарапынан шешілуі қажет мәселе. Өйткені аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен білім бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде газ кіргізуді қажет ететін мекемелер саны анықталуы тиіс. Осы мәселені шешу үшін олар жергілікті жерде айналысуы қажет. Егер оң шешім таппаса аудандық білім бөлімі тарапынан облыс әкімдігі білім басқармасына өтінім берілуі керек. Сол кезде облыстық білім басқармасы «ҚазТарнсГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы секілді тиісті мекемелермен байланыс орнатып, аталған мәселенің шешілуіне күш салады. Қазіргі таңда Мойынқұм, Сарысу, Жуалыдан өзге 7 аудан 51 білім нысанын газға ауыстыру жөнінде өтінім берді. Оның 31-і мектеп, 17-і балабақша, 3-і мектептен тыс мекеме. Қазіргі таңда аталған өтінімнің жетеуін қанағаттандыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Қалғандары 2022 жылға дейін табиғи газға қосылады. Ал Мойынқұм ауданына әлі газ құбыры жеткен жоқ. Қалған Жуалы мен Сарысу ауданы неліктен өтінім бермегенінен хабарсызбын. Мүмкін аталған аудандарда сіз ойлағандай мәселе жоқ шығар, – деді А.Жапарқұлов. Білім нысандарының ішіндегі тек бастауыш және орта білім беретін мектептерді ғана бөліп қарайтын болсақ, Меркіде 11, Шуда 10, Қордай ауданында 9, Байзақта 7, Жамбылда 5, Т.Рысқұловта 4, Сарысуда 3 мектеп іргеде тұрған көгілдір отынға қосылмаған. Мойынқұмда газ жоқ. Ал Жуалы мен Талас ауданы қай ауылға мемлекет тарапынан газ кіргізілді, сол ауылдардың білім нысандарын көгілдір отынмен қамтып үлгеріпті. Ауылда газ бола тұра мектебі көмір жағып отырған аймақтар арасында Меркі ауданы көш бастап тұр. Мәселен М.Мәметова атындағы №13 жалпы білім беретін мектеп орналасқан Тәтті ауылына газ осыдан 4 жыл бұрын кірген. Ауданы 3 мың 200 шаршы метр, 640 орындық, үш қабатты аталған білім мекемесі жыл сайын жылыту масымында 360-380 тонна көмір тұтынады екен. Әр тонна көмір 17 мың теңгеден сатып алынды деген күннің өзінде мектептің қыстан шығуына 6,5 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Ал аудан орталығы Меркі ауылында орналасқан 1000 орындық №39 мектеп-гимназия былтырғы жылыту маусымында 113 029 394 текше метр көгілдір отын тұтыныпты. Оған кеткен шығын 4 миллион 14 мың теңгеден аса қаржыны құраған. Тәтті ауылында орналасқан аталған білім ошағының екі пешін қыста кезектесіп 4 адам жағатынын ескерсек, газ тұтынатын мекемеге қарағанда от жағушылар санында да айырмашылық бар. Осындай басы артық шығындар бола тұра аталған мектеп неге газға қосылмай отырғанын М.Мәметова атындағы №13 жалпы білім беретін мектептің директоры Қанат Боржуковтан сұрадық. – Газ жағып отырған мекемеге қарағанда қатты отын тұтынудың шығыны мен машақаты мол екені баршаға белгілі. Біз газға осыны біле тұра қосылмай отырған жоқпыз. Мұның себебі ауылға тартылған газ құбырының қысымына байланысты болып тұр. Тиісті сала мамандарының айтуынша, егер біз ауылға келіп тұрған газ құбырына қосылатын болсақ, онда оның қуаты азайып кететін көрінеді. Әйтсе де бұл келер жылы шешімін табатын болды. Нақты айтқанда, қазір Андас батыр ауылында газ реттейтін стансаның құрылысы жүріп жатыр. Сол аяқталса, бізге келер жылы міндетті түрде газ құбыры тартылады. Бұл тиісті орындармен келісіп-пішілген шешім. Қазір жобалық-сметалық құжат жасаумен айналысып жатырмыз, – дейді Қанат Әбдіқадырұлы. Бізді таңғалдырғаны кезінде мемлекет тарапынан Тәтті ауылына газ құбыры тартылғанда, осы істің басы-қасында жүргендер мектеп бүгін болмаса ертең газға қосылуы мүмкін екенін, сондықтан болашақта мәселе туындамас үшін газ қысымын, құбырдың қуаттылығын есепке алмағаны болып тұр. Бұдан бөлек ауылға газ КСРО дәуірінде кіргенімен әлі күнге дейін көмір жағып отырған мектептер де бар. Соның бірі – Жамбыл ауданы, Қаратөбе ауылдық округіндегі Бәйтерек ауылында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектеп. Ауыл тұрғындары газдың рақатын 1989 жылдан бері көріп келеді. Ал жауаптылар білім ошағын газдандырудың әзірге тиімді жолы жоқ деген уәж айтуда. – Мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Өзі 4 бөлмеден тұрады. Оның ішіне газ кіргізуге облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы секілді мекемелер тарапынан рұқсат жоқ. Өйткені ереже бойынша ғимаратты жылытатын құрылғы мектептің сыртында орналасуы қажет. Ал нысанды сырттан газбен жылытатын өз алдына жеке қазандық салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Аталған мектептің газға қосыла алмауының себебі осында. Қазір мұнда 15 оқушы білім алып жатыр. Алдағы уақытта халық саны өсіп жатса, Мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа ғимарат салу көзделген. Сол кезде ғана газға қосылуға мүмкіндігі бар. Әзірге нысанды пеш жағып жылытудан басқа амал қалмай тұр, – дейді Жамбыл аудандық білім бөлімінің инженер-құрылысшысы Бақытжан Шабанбаев. Негізінен бұл деректер былтырға дейін газ құбыры тек мемлекет тарапынан тартылған ауылдар бойынша ғана келтірілді. Ал бұған тұрғындар өз күшімен газ кіргізген және мемлекет тарапынан былтыр ғана көгілдір отынмен қауышқан елді мекендер есепке алынған жоқ. Егер осы жайтты да қосып айтар болсақ, облыста ауылда газы бола тұра көмір жағып отырған мектептердің саны арта түседі. Жалпы, бүгінгідей өркениетке бет бұрған заманда, ауылда газ құбыры бола тұра, мемлекеттік мекемелердің оған қосылмауы, тіпті қыстың күні мұржасынан қара түтін будақтатып, пеш жағып отыруы ақылға қонымсыз. Әсіресе елдің ертеңі, болашағымыздың тұтқасы саналатын балалардың «құтханасы» білім мекемелерінің өркениетке ұмтылуда артта қалуы үлкен сын. Аудандағы тиісті мекемелер бұл мәселеде сынықтан сылтау іздеп, қол қусырмай, істің көзін табуда Талас, Жуалы аудандарынан үлгі алса игі.

Нұрым Сырғабаев

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар