дүйсенбі, 24 наурыз, 2025 0:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық көкпаршы арулар: Ерлік пен рухтың жаңғырығы

Жамбылдық көкпаршы арулар: Ерлік пен рухтың жаңғырығы
Фото: Jambylinfo.kz
Еркіндікті серік еткен даланың өжет қыздары ат үстінде намысты жалау етіп, көкпар додасында жаңа дәуірдің айшықты белгісіне айналуда

Атқа қонған ару – тек ерлік пен өжеттіктің символы ғана емес, рухтың жаңғыруы. Қазақ даласында қыз баланың атқа мінуі таңсық емес. Бұрымдылар жорықта ерлермен қатар шауып, ел намысын қорғаған. Тұмар ханым мен Бопай ананың, Гауһар батырдың ізін жалғаған бүгінгі арулар енді көкпар алаңында өз күшін сынауда, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Көкпар – тек білек күшін емес, жүрек қайратын да талап ететін ойын. Сондықтан тұлпар тізгінін тең ұстаған қыздардың бұл бастамасы – ұлттық рухтың асқақ көрінісі.

Бүгінде Тараз қаласының арулары көкпардан арнайы қыздар командасын жасақтауды қолға алды. Бұл істің басында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тұрғыны, жас көкпаршы Аида Ізбасар тұр. Ол болашақ көкпаршы қыздарды дайындап қана қоймай, қыз қуу жарысына қатысатын бойжеткендерді де жаттықтырады.

– Мен 28 жастамын, мамандығым – бухгалтер. Бірақ бала күнімнен көкпарға қатты қызығамын. Ат спортына деген сүйіспеншілігім атамнан дарыған. Ол да кезінде көкпаршы болған. Мектеп жасынан бастап қыз қуу, теңге ілу сияқты жарыстарға қатысып, жылқы спортына деген қызығушылығым одан әрі артты.
Негізі әйел азаматтары жаугершілік заманда да атқа мініп, ерлермен бірге болған. Қазіргі уақытта қыздардың көкпарға келуі таңғаларлық нәрсе емес. Мен үшін аттың қасында болу – ерекше бақыт. Ат үстінде еркіндікті сезінесің, бүкіл уайымды ұмытасың. Атқа мінген кезде адреналин алатынымды бала күнімнен байқадым. Әсіресе, басы қатты аттар алып қашқанда ерекше әсерге бөленетінмін. Сол кездерден бастап көкпарға деген құштарлығым арта түсті.
Қазіргі таңда өзім бес шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Оларға көкпардың қыр-сырын үйретіп, атпен шабудың әдістерін көрсетемін. Бойжеткендерге тек көкпарды ғана емес, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық ойындарды да үйретемін. Ат спортымен айналысқан адамның денсаулығы жақсарып, рухы көтеріледі. Ат үстінде жүрек соғысы жақсарып, қан айналымы реттеледі.
Бүгінде ауылда мен үйретпеген асау ат қалмады десем болады. Кейбір жігіттер батылы жетпей жүрген аттарды өзім мініп, жуасытып жүрмін. Көкпар – нағыз ептілікті, күш пен батылдықты қажет ететін спорт. Сол себепті қыздардың да бұл спорт түрінен шет қалмағанын қалаймын, - дейді Айда.

Оның шәкірттерінің бірі – жас көкпаршы Әдемі Әділ. Жасы он бірде. Атқа мінуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бүгінде ол ат үстінде өзін еркін сезініп, ұлттық спорттың қыр-сырын меңгеруге барын салуда.

– Атқа мінгелі бойымдағы қорқыныш жойылып, сенімділігім артты. Бұрын асауларға жақындауға жүрексінетінмін, қазір олардың мінезін түсініп, тез тіл табысамын. Жаттығып жүргеніме жарты жылдан асты. Болашақта көкпар мен теңге ілуден чемпион болуды армандаймын, – дейді ол.

Әдемі үшін көкпар – жай ғана ойын емес, нағыз төзімділік пен ептілікті қажет ететін спорт. Ол Аида Ізбасардан үйренгенін болашақта жетілдіріп, қазақ қыздарының ат спортына деген қызығушылығын арттырғысы келеді.

Аида атбегілікпен қатар, қымыз дайындаумен де айналысады. Ұлттық сусынның пайдасын жақсы білетін ол, оның адам ағзасына тигізер пайдасын ерекше атап өтеді.

– Қымыз – жай ғана сусын емес, дәруменге толы шипалы тағам. Ол адамның күш-қуатын арттырып, ағзасын тазартады. Ат спортымен айналысатын адам үшін оның пайдасы орасан. Бие байлап, қымыз дайындау – мен үшін жай ғана кәсіп емес, ата-бабамыздан қалған асыл дәстүрді жалғастыру, – дейді Аида.

Ол көктем соңына дейін көкпар командасын толық жасақтауды жоспарлап отыр. Бұл бастама қазақ қыздарының да ұлттық спорттағы орнын айшықтап, олардың ат үстіндегі шеберлігін дәлелдеуге жол ашады. Аида бұл істі үлкен жауапкершілікпен қолға алып, қыздардың да көкпар додасына түсуге лайық екенін көрсеткісі келеді.
Аида болашақта республикалық деңгейде әйелдер арасындағы көкпар турнирлерін ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Бұл қазақтың ұлттық ойындарының дамуына тың серпін беретіні анық.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар