Ұлттық киімдер күніне орай ерекше іс-шара өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 18 наурыз, 2025
- 139

Наурыз – жақсылық пен мейірімнің, береке мен бірліктің мерекесі. Осы мерекеге орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі игі шаралар ұйымдастырылып, қайырымдылық бастамалар қолға алынуда,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Осындай ізгі істің бірі Қылмыстық атқару жүйесі №58 мекемесінің қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлердің бірлесуімен жүзеге асты.
Олар Наурызнаманың 10 күндігі аясында Ұлттық киімдер күніне орай «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы барып, ондағы қарттарға қажетті заттар табыстады. Қайырымдылық шарасы аясында қолдан тігілген кеудешелер, шахмат үстелдері, сөмкелер және күнделікті тұрмысқа қажет бұйымдар сыйға берілді. Сонымен қатар, қариялардың көңілін көтеру мақсатында бір себет тәттілер мен жеміс-жидектер де ұсынылды.
Қайырымдылық – қоғамның бірлігін нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің айқын көрінісі. Мекеме қызметкерлері мен кәсіпкерлер бұл игі дәстүрдің алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, қарияларға мейірімділік танытудың маңыздылығын атап өтті.
Осылайша, Наурыз мейрамы тек думанды шаралармен ғана емес, жүрек жылуын сыйлайтын қайырымды істермен де ерекшеленіп келеді.