сенбі, 26 шілде, 2025 13:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыста тау-кен өнеркәсібі саласында 51 миллиард теңгенің өнімі өндірілді

Облыста тау-кен өнеркәсібі саласында 51 миллиард теңгенің өнімі өндірілді
Фото - ашық дереккөз
Облыс экономикасын көтеретін негізгі саланың бірі – өнеркәсіп

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, бүгінгі күні өнеркәсіп саласында 899 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 18-і ірі, 25-і орта, 856-ы шағын кәсіпорындар. Жалпы өнеркәсіп саласында 44,8 мың адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

– Бүгінгі таңда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы өнеркәсіп, кәсіпкерлік, инвестиция тарту, туризм, сауда сияқты басты бағыттарда өз жұмысын мемлекеттік-стратегиялық бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырып келеді. Алдымен өнеркәсіп саласына тоқталар болсақ, осы жылдың қаңтар-сәуір айында аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарының күшімен 0389,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 123,6 пайызды құрады. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында 51 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібінде 250,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің келесі салаларында өнім көлемі артқаны байқалады. Атап айтсақ, химия өнеркәсібі 34,6, тамақ өнеркәсібі 50,2 пайызға, ал мұнай өнімдерін өндіру 2,2 есеге, құрылыс индустриясы 16,5, дайын металл бұйымдарын өндіру 3,1 пайызға, машина жасау 2,4 есеге артқан. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім көлемінің артуының нәтижесінде облыста өңделген тауарлар экспорты да артып отыр, – дейді Аспандияр Мараталыұлы.

Сонымен осы жылдың алғашқы екі айында шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 4,5 есеге артып, 63,5 миллион АҚШ долларын құраса, тамақ өнеркәсібінде 127,3 пайызға (5,6 млн. АҚШ) өсуі есебінен қол жеткізілген. «Облыста экспорттық әлеуетті арттыру бағытында өңірдегі кәсіпорындармен жұмыс бір жүйеге қойылған. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арқылы өткен жылы өңірдегі бірқатар компаниялардың («Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС, «Бурненская молочная компания», «Полиэтилен Агро» ЖШС) шығындары өтеліп, жұмысы жолға қойылуда. Қазіргі таңда облысымыздың келесі кәсіпорындары өз өнімдерін сыртқы нарықтарға экспорттауда. Атап айтсақ, металлургия саласында «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС электродтық массаны Ресей, Өзбекстан, Тәжікстанға экспорттауда. Тамақ өндірісі саласында «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС Тәжікстанға, Грузияға, Қырғыз еліне кондитерлік өнімдерін, «Мерке ет» ЖШС Иран, Бахрейнге ет, «Берсанукаев» ЖШС Ресейге шұжық өнімдерін, «Бурненская молочная компания» ЖШС Ресейге ірімшік өнімдерін экспорттауда», – дейді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, химия өндірісі саласында  «Talas Investment Company» ЖШС Тәжікстанға натрий цианидін, құрылыс индустриясында – «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС Қырғыз еліне цемент, «Ақтас» ЖШС әктасты Қырғыз Республикасына экспорттауда. Облыста республикадағы ең ірі «Үлкен-Бурылтау» гипс кен орны бар. Бұл Қазақстандағы барланған гипс қоры бойынша ең бай кен орны, оның қоры 50 миллион тоннадан асады. Өңірде «Жамбылгипс» АҚ, «Alina Group» ЖШС және басқа да гипс және гипстен жасалған бұйымдар өндіретін бірқатар ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс материалдарына сұраныстың артуын ескере отырып, биыл «Alit Holding» ЖШС жылдық қуаттылығы 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытты іске қоспақ ниетте. Ал «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС жылдық қуаттылығы 22 миллион шаршы метр гипсокартон шығаратын зауыттың құрылысын бастағалы отыр. Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде құрылыс индустриясының өнім ассортименті 6-дан 12 атауға ұлғайтылмақ.

Сонымен қатар  «KORCEM» ЖШС қуаттылығы 1,5 миллион тонна цемент өндіретін жаңа зауытты іске қосты. Осының нәтижесінде жылдық цемент өндірісінің көлемі 3 миллион тоннаны құрады. Бұл жобаларды іске қосу құрылыс материалдарына деген ішкі қажеттілікті қанағаттандырып, сондай-ақ көрші елдерге өнім экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстандық қамту бойынша айтар болсақ, өткен төрт айда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына кіретін өнеркәсіптің сегіз саласы бойынша мемлекеттік сатып алу 8,38 миллиард теңге көлемінде жоспарланған. Облыстағы мемлекеттік мекемелердің тапсырған есептеріне сәйкес, есепті кезеңдегі  мемлекеттік сатып алу көлемі – 4,02 миллиард теңгені, ал оның ішінде жергілікті қамту үлесі 51 пайызды құраған.

Жыл басынан бері облыста түрлі деңгейдегі 43 кәсіпкерлік субъекті  56 СТ-КZ сертификаттарын алған. Аудан және Тараз қаласы әкімдіктерімен, облыс әкімдігінің басқармаларымен мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен өткен төрт айда негізгі капиталға 190,7 миллиард теңге инвестиция тартылса, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 66,8 пайызға артқан. Осының есебінен республикалық жоспар 115 пайызға орындалған (жоспар – 165,3 миллиард теңге).

Алда іске асырылатын ірі инвестициялық жобалар көп. Мәселен, 2025-2028 жылдар аралығында құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобалар іске асыру көзделген. Атап айтатын болсақ, «Еврохим Қаратау» компаниясы бірінші кезеңін 2025 жылы іске қоса отырып, жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруді бастайтын болады. Ал 2026 жылдың ІІІ тоқсанынан бастап осы кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар өндірмек ниетте. Олар дикальций фосфаты, калий сульфаты, кальций хлориді. Жалпы «Еврохим Қаратау» компаниясының инвестициялық жобаларының құны – 530 миллиард теңге.

Ал «Qazaq Soda» компаниясы жылдық қуаты 1 миллион тонна кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша зауыт құрылысын жүргізуде. Инвестиция көлемі 208 миллиард теңгені құрайды. Зауыт 2027 жылы іске қосылады. Биыл «Talas Іnvestment Company» компаниясының цианид натрий өндіру жобасының екінші кезеңі іске қосылады деп күтілуде. Ол жылына 30 мың тонна натрий цианидін өндіретін болады. Жобаның құны  26 миллиард теңгені құрайды. Натрий цианидін өңдеу бойынша екінші жоба «Altynalmas Reagents» компаниясының еншісінде. Ол жобаның құны 67 миллиард теңгені құрайды. Жобаның жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна. Жоба 2027 жылы іске асырылады. Химия саласындағы тағы бір жоба – «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» компаниясының сутегі асқын тотығын өндіру жобасы, жобаның жылдық қуаттылығы – 30 мың тонна. Жобаның инвестициялық құны – 30 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың IV тоқсанында аяқтау көзделген. Сонымен қатар металлургия саласында «Yonggang Central Asia Iron And Steel» ЖШС инвестициялық жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестициялық құны 637 миллиард теңгені құрайды. Жылына 3 миллион тоннаға дейін құбырларды өндіруге арналған катанка, арматура, жолақты болат және профильді болат өндіреді. Жобаның аясында 1000 жаңа жұмыс орны ашылады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар