Тараздан табылған ағайынды «маугли» адамдарға қатысты тың мәлімет шықты
- авторҚұралай Сейсенбекқызы
- 3 шілде, 2024
- 1.1k
Күні кеше әлеуметтік желіде отыз жыл құжатсыз өмір сүрген ағайынды екі жігіт туралы ақпарат тарады. Бүгін jambylinfo.kz тілшісі оларды іздеп барып, еріктілер арнайы мекемеге әкетпей тұрып, оларды көріп қалды.
Ағайынды жігіттер қоршаған ортадан жырақ өмір сүріп, тіпті өз үйінің ішіне дәрет сындырып жүре беретін хәлге жеткен. Жуынуды, шаш тарауды, айнаға қарауды мүлде ұмытқан.
«Алғаш келгенде адам шошырлық хәлдегі үйді көрдік. Қолдан келгенше қаражат жинап, ас ауқатын әперіп, үйін жиыстырдық. Ағайындылардың шаштары өсіп кеткен, иістері жиіркенішті. Жуындырып, адам қалпына келтірдік. Аналары аяғы ауырып, төсек тартып жатып қалғаннан соң, екі ұлы қараусыз қалған. Бұл отбасыға қайырымды жандар көмектеседі деген үміттеміз» – деді Еріктілер тобының басшысы Виктория Колченко.
Кеңірдегіңді ашытып, жанарыңа жас үйіріп жіберердей уыты бар иіске қарамай, қабырғасы қара бояуға айналған үйге бас сұқтық. Шашылып жатқан киімдердің үстінде ұйықтап жатқан марғауды Ваня қолына алып, аялай сипады. Еңгезердей екі ер адам қоршаған ортамен араласуды ұмытқанымен, мейірімнің не екенін ұмытпаған сыңайлы. Себебі еріктілер сөзден қалған Сашаны айналып-толғанып еркелете қалса, езу тартып жымияды. Ваняны да «Жарайсың» деп арқасынан қаққанымыз сол, алдымызда құрақ ұшып жүгіріп жүр.
«Мына диванда анам таңға дейін отыратын. Жатуға мұршасы келмейтін. Аяғы қатты ауырғандықтан, мазасы кетіп, аласұратын. Қазір ауруханада жатыр. Неше жыл бойы тамақты мен дайындап жүрдім. Негізі табылғанын талғажау етіп жүрміз. Інім Саша сөйлей алмайды, өзі әзер жүр. Мен қалада бір интернатта 9 сынып оқығанмын. Інім 15 жасқа дейін мектепті үздік оқып, озық оқушылардың қатарынан көрінді. Зеректігі сондай үш тілді меңгеріп алған еді. Сурет салудың шебері болатын. Иконалардың суретін айнытпай салып жүрген соң, бір күні анам оны шіркеуге алып барды. Содан бері не болғаны түсініксіз, әйтеуір адам танымастай өзгерді. Ақылынан алжасқаны сонша адамдардан қорқады, бұғып отырады да қояды. Сөйлемей де қалды. Қазір 42 жаста», – дейді 44 жасар Ваня.
Еріктілер екі ер адамды арнайы мекемеге алып барып, оларды тазалап, аналары шыққан соң ақыл-есі кем Сашаға жәрдемақы тағайындауға көмектеспек.