Бүгін Тараз қаласында қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық жас ақындар айтысының облыстық кезеңі өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жыр додасының басты мақсаты – Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын дәріптеу, оқушылардың суырып-салмалық қабілетін дамыту және ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтыс тек ақындық шеберлікті емес, сонымен қатар жыр-терме айту дәстүрін жаңғыртуға да бағытталды.
Өнер додасына облыстың әр ауданынан және Тараз қаласындағы білім беру мекемелерінен 18 оқушы қатысып, екі номинация бойынша сынға түсті:
Тақырыптық айтыс – ақындар берілген тақырып аясында сөз сайыстырды.
Қайым айтыс – қатысушылар бір-бірінің шумақтарын іліп әкетіп, жедел жауаптасу үлгісінде өнер көрсетті.
Жас ақындар айтыс барысында тіл байлығын, ұлттық поэзияның тереңдігін көрсете білді. Олардың тапқырлығы мен ой ұшқырлығы көрермендерді тәнті етті.
Сайыстың әділдігін тәжірибелі қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында «Ақ жол» газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Жастар саясаты және тәрбие жұмысы» басқармасының басшысы Бахтияр Бекназаров, сондай-ақ Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер халықаралық одағының мүшесі, Республикалық домбырашылар одағының Жамбыл облысы филиалының мүшесі, айтыскер ақын, күйші-композитор Дидар Басықараев болды.
Айтыстың нәтижесінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Бас жүлдесін – Жамбыл ауданы, 6 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Қамбар Жанерке және Тараз қаласы, №3мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Жаңабай Інжу иеленіп респубикалық айтысқа жолдама алды. Ал І дәрежелі дипломды – 2 оқушы, ІІ дәрежелі дипломын - 2 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломын - 4 оқушы иеленіп, терең білімі үшін грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық оқушыларға сертификаттар берілді.
Ұлттық өнерді ұлықтаған бұл айтыс қазақ поэзиясының өркендеуіне және жас буынның шығармашылық дамуына үлкен үлес қосқаны сөзсіз. Алдағы уақытта осындай игі бастамалардың жалғасын табуы жас дарындардың жетілуіне тың серпін беретіні анық.