дүйсенбі, 25 қараша, 2024 0:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Шерхан Мұртазаның үйі

Шерхан Мұртазаның үйі
ашық дереккөзі
Шерхан Мұртазаның үйі

Әйгілі Шер-ағаның, Шерхан Мұртазаның туған топырағы туралы толғанған туындылары көрнекті жазушының тағдырымен біте қайнасқан дүниелер. Өзі жазғанындай, түсіне жиі енетін Мыңбұлақ, кең арналы, келбеті көркем, кеңістігі шексіз Көксай, бәрі де қаламгердің тамырында тулаған, қаламын тербеген қасиеті мол мекендер.

 

Әкенің жалған жаламен ұсталып кетуі, жетім қалған баланың жергілікті шолақ белсенділерден көрген құ­қайы, тағдырдың теперіші, бәрі де сол топырақта болған оқиғалар. Ара­да қанша уақыт өткенімен болған оқиға­ның ізі өшпейді. Бұл күнде Жуалы ауданында Талапты деп аталатын шағын ауыл бар. Мыңбұлақ ауылдық округінің құрамына кіреді. Бұл жер – Шерхан Мұртазаның туған жері.

Шерхан Мұртаза көрнекті тұлға болып қалыптасқан кезінде де өзінің туған топырағынан қол үзген жоқ. Тоқ­саныншы жылдардың орта шенінде Жуалы ауданының сол кездегі әкімі Ермек Үсенбаев жазушыға арнап Та­лапты ауылынан арнайы үй салып бер­ген. Екі қабатты, еңселі ғимарат әлі күнге дейін бар. Айналасын қайың қор­шаған асқақ нысанның ауласында та­ланттың тұма көзіндей болып бұ­лақ атқылап тұр. Табиғаты да, тыл­сы­мы да бөлек. Осы жерде әйгілі қаламгер ғұмырының кейбір сәулелі, шуақты сәттері өткен. «Атамыз бас басылым «Егемен Қазақстан» газетін басқарғаннан кейін, 1994 жылы Пар­ламент Мәжілісінің депутаты болды. Бұл үй сол жылдары салынды. Ол кісі жазғы демалыс сайын міндетті түр­де ауылға келетін. Ауылдың үлкен кісі­лерінен бастап, балаларға дейін атамызды күтіп жүретін. Ата жұмыс істеймін, шығарма жазамын деп келеді негізі. Бірақ ол кісіні ауылдағы ағайындары бірінен кейін бірі үйіне қонаққа шақы­ратын. Мен де ол кісілерге қызмет қылып жүріп, атамыздың қандай шы­ғарма жазу үстінде екенін біліп алатынмын», дейді жазушының келіні Гүлсім Шоңғарова. Қаламгердің ізі қалған ауылдың әр тұрғыны Шераға туралы сағынышпен сөйлейді. Туған топырағы да перзентін сағынышпен еске алатындай болып тұрады.

Шераға тұрған үй бұл күнде құнды жәдігерлерге толы. Жазушының өзі Мәскеуде оқып жүрген шағында арнайы алып келген әлем әдебиетінің жауһарлары да сөрелерде тізіліп тұр. Уақыттың түрлі сынына куә болған кітаптар болмысына бар құпиясын сақ­таған күйі көрген адамды тылсым тұң­ғиыққа тартады. Жазушының өзімен қарапайым студент кезінен бастап, қа­зақтың Шерағасы, Шерхан Мұртаза бол­ғанға дейін бірге жасап келе жатқан баға жетпес байлық. Жазушыға мол ілім-білім берген, әдебиет дейтін күр­делі әлемнің тағдырын танытқан рухани олжасы. Сол сияқты қаламгер үйінде сақтал­ған қолжазбалардың өзі бір төбе. Жазушы­ның «Жол», «Шо­йын шарбақ» және тағы да басқа әңгіме­лерінің қолжазбасы бар мұнда. Бұ­дан бөлек, Шерхан Мұртаза өмірінің бір бө­лігінен сыр шертетін күн­делік қол­жазбаларының өзі бір әлем. Мәселен, жазушының 1985-1986 жылдары жаз­ған күнделіктері сақталған. Қалың дәп­терлерге мұқият жазылған әрбір де­рек қалам­гердің көрнекті күндерінің, ғиб­ратты ғұмырының бір парасы болса ке­рек. Күнделіктерінде Әкім Тарази, Қадыр Мырза Әлі, Иран-Ғайып және бас­қа да танымал әдебиетшілермен кездесуі, сұхбаттасуы туралы жаз­ған­дары бар. Осы уақытқа дейін жазу­шы­ның Тұрар Рысқұлов тағдырын тол­ға­ған «Қызыл жебе» романынан бас­тап, барлық шығармалары дерлік кі­тап болып басылды. Ал күнделіктері жа­рық көрген жоқ. Сонымен қатар жазу­шы тұрған бұл үйде оның «Жұлдыз» әде­би журналының редакторы болып жүр­ген кездегі өзі жүргізген жиын­дардың қолжазбалары да бар екен. Сол кез­дегі «Летучка» деп аталатын редак­ция жиынының қолжазбасында да өт­кен тарих тұнып тұр. Жалпы, Шерхан Мұртазаның редакторлық қы­ры да бұл күнде аңызға бергісіз айты­лады ғой. Міне, бұл жазбалар да ке­йінгі ұрпаққа үлгі болатын құн­ды дүниелер болса керек. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда Шерхан Мұрта­заның «Қазақ ССР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты» атағының және түрлі дәрежедегі атақтарының құжат­тары да сақталған. Әсіресе қаламгердің алдағы шығармашылық жолына шам­шырақ болған «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары лауазы­мына тағайындалған күні алған қызметтік куәлігі де баға жетпес рухани байлықтардың қатарында.

Талапты ауылының ең шеткі көше­сінде орналасқан еңселі үй Шерхан Мұртаза өмірінің бір бөлігіне куә болған мекен. Үй де шеткі көшенің соңында. Одан төмен жазушының балалық шағы өткен жұрты жатыр. Көзкөргендер жазушы ауылына келген сайын сонда барып, ұзақ уақыт бойы ойға шомып отыратынын айтады. «Менде балалық шақ деген болған жоқ», деп қаламгердің өзі айтатынындай, бәлкім ол болмаған балалық шағымен қайтадан бетпе-бет келіп отыратын болар. Одан аяңдап, қайтадан үйіне келеді екен. Осы үйде кең әрі ыңғайлы балкон бар. Сол жерде қаламгер өзінің тағ­дырынан сыр шертетін атақты «Ай мен Айша» романын жазыпты. Тіпті сол шы­ғармасы Алматы қаласындағы Мұх­тар Әуезов атындағы академиялық драма ­театрында қойылғанда, бүкіл Талапты ­ауылы спек­такльді тамашалауға барған екен. Бұл күнде Шераға үйіне барушылардың қа­тары сиреген. Ешкім тұрмаған соң уақыт өткен сайын нысанның да тозығы жетіп барады. Бүгінде жазушының немере інісі Әлижан Мұртаза сол үйге қарап отыр. Ол да ендігі жерде қаламгер тұрған үй музейге айналса деген ниетте. Ал сол үйдегі жа­зушы мұраларын шашау шығармай ұстап отырған ағайын келіні Гүлсім Шоң­ғарова болса, келесі жылы тұлғаның тоқ­сан жылдығына орай осы үй музейге айналса деген ойы бар екенін айтты. Бізге жазушының құнды мұраларын көрсеткен ол мұның бәрі де кейінгі шығармашыл жастарға үлгі екенін жеткізді.

 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар