Қазақстанда кене энцефалитін жұқтыру жағдайлары артып келеді
- авторБақытжан Бекболат
- 5 маусым, 2025
- 169

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда кене энцефалитінің 17 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 11 жағдайға артық, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауру жұқтырудың ең көп дерегі Солтүстік Қазақстан облысында анықталған – 6 жағдай. Айта кетерлігі, кейбір деректер бұрын эндемиялық аймақтарға кірмеген елді мекендерде тіркелген. Бұл жағдай климаттың өзгеруі мен ауа райының жылдағыдан ерте жылынуына байланысты иксод кенелерінің таралу аймағы кеңейіп жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар Ақмола облысында – 4, Шығыс Қазақстанда – 3, Алматы облысында – 2, Павлодар облысы мен Алматы қаласында 1 жағдайдан тіркелген.
Жыл басынан бері ел бойынша 8 840 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 3 444-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Зардап шеккендердің 88 пайызы, яғни 7 736 адам иммуноглобулинмен шұғыл профилактика алған. Қалған 12 пайызы түрлі себептерге байланысты бұл көмекті ала алмаған: эндемиялық емес аймақта тұруы, кеш хабарласуы, вакцинация немесе өз еркімен бас тартуы сияқты жағдайлар кездескен.
Эпидемиологиялық қызметтер көктемгі маусымда кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізіп, 279 эндемиялық елді мекеннің айналасында санитариялық қорғау аймақтарын құрды.
Халыққа кене энцефалитінің алдын алу бойынша келесі сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
– табиғатта болған кезде репеллент қолдану;
– жабық, жеңі ұзын киім кию;
– киім мен денені үнемі тексеріп отыру;
– кене табылған жағдайда дереу медициналық мекемеге жүгіну;
– өздігінен алған жағдайда аса мұқият болу, шаққан орынды йодпен өңдеп, қолды мұқият жуу.
Мамандардың айтуынша, кене энцефалиті – ауыр инфекциялық ауру болғандықтан, алғашқы белгілер пайда болған кезде уақыт оздырмай дәрігерге қаралу қажет.