Президент тапсырмасы: Жамбылда биыл 42 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 18:05
- 27
Жамбыл облысында биыл 42 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биыл Жамбыл облысында өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 42 875 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов мәлімдеді.
Өткен жылы аталған карта аясында 65 647 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп, жыл қорытындысы бойынша 73 811 жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде жоспар 112,4 пайызға орындалған. Ал биылғы жоспар 42 875 жұмыс орнын құрайды.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» тапсырмасына сәйкес 20 475 жұмыс орны ашылып, белгіленген жоспар (12 534) артығымен орындалды. Биыл бұл бағытта 6 750 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Өткен жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 18 056 адам тартылды. 1000-нан аса адамға қайтарымсыз грант берілді. Биыл бұл көрсеткіш 8 865 адамды құрап отыр.
Электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 31 303 адам жұмысқа орналастырылды. Ағымдағы жылы 26 522 адамды еңбекпен қамту күтілуде.
Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында 3 977 жұмыс орны құрылған болатын.
Сондай-ақ 2025 жылы 4 087 отбасындағы 22 473 адамға жалпы сомасы 2,4 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді. 2024 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 9 096 адамға немесе 28,8 пайызға азайған. АӘК алушы отбасылардағы еңбекке қабілетті 4 123 адам жұмыспен қамтылды.



