дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 12:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жуалыда республикалық акция аясында жол жиектері тазаланып жатыр

Жуалыда республикалық акция аясында жол жиектері тазаланып жатыр
Сурет: jambylinfo.kz
Акцияға Жуалы ауданының 150-ден астам тұрғыны қатысты

"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Жуалы ауданы аумағындағы республикалық мәні бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолының жиегі қоқыстан тазартылып жатыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Тазалық шарасы аясында 4 ауылдық округ тұрғындары мен “Жасыл ел” еңбек жасақтары аталған күрежолдың Шымкент бағытындағы жол бойында қысқы боранда құлаған ағаштарды шығарып, көктемгі санитарлық бұтау жұмыстарын жасады. Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, Күйік асуынан бастап, 3 шақырымнан асатын аумақта жол жиегін тазарту жоспарланған.

"Күйіктің басынан бастадық. Қазір құлаған талдарды бірінші шығарып жатырмыз. Сонымен қатар, санитарлық тұрғыда қураған ағаштар шабылып жатыр. Қазір 2 жүк көлігі қоқыстар мен қалдықтарды тасып алып кетті. Әлі артылатын қалдық аз емес. Қазір жоспарлаған 3 шақырымнан астық. Бұл жұмыс ауа райы жақсы болса жалғаса береді",- деді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, аудан бойынша 2 айға жалғасқан сенбілікте 200 тоннадан аса қоқыс шығарылған. Әкімдік өкілі меже 300 тонна дейді. Бұдан бөлек, өңірде 2500 көшет егілмек.

"Ауданымызға 2500 түп көшет егу жоспарланған. Жас ағаштар 14 ауылдық округте «Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша егіліп жатыр. Сонымен қатар, «Үлгілі аула», «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше» атауымен бізде тазалық сайыстары жарияланды. Бүгінгі таңда біз жоспарланған көшет егу жұмысының 80 пайызын аяқтадық",- деді Асхат Жабағы.

Экологиялық шарадан басқа мұнда жол белгілерін қалыпқа келтіру, көпірлер мен өткелдерді тазарту, сырлау, әктеу жұмысы да жасалып жатыр. Қазір облыста «Қазавтожол» мекемесінің қарауындағы 495 шақырым жол болса,  аталған мекеме республикалық акция аясында тазалық шараларын қолға алды. Тиісті мамандар мен техникалар жол жиегіндегі демалыс орындары мен әжетханаларды тазартып жатыр.

"Бұл жолмен тәулігіне 14-15 мың көлік өтеді. Сондықтан әжетханаларды күнделікті тазалап отырмаса болмайды. Өйткені, автомобиль көп болса, жолаушы да аз болмайтыны белгілі. Сонымен қатар, жолдағы қоршаулардың майысқан тұстары бар. Соны түзеуді қолға алдық",- деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те "Таза Қазақстан" акциясына қатысқан болатын. 

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар